5 сынып

Новости 18-июл-2019, 12:50 65

Мұқағали Мақатаев «Тоқта, ботам!»

Тоқта, ботам!
 
Атаң келеді артыңда!
 Бұр мойныңды қалжыраған қарт ұлға.
 Сенің сәби сәттеріңнің мысқалын
 Айырбастап ала алмай жүр алтынға.
 Тоқта, ботам!
 Атаң келеді артыңда!
 Жүзе жүріп, жүз құбылған сағымда,
 Жастық дейтін көктеменің шағында,
 Өскен едік сенің анаң екеуміз
 Осы қарттың мәпелеген бағында.
 Қарттың бағын жайлайтынбыз иен тегін,
 Тыңдайтынбыз алуан-алуан ертегін.
 Жинап алып жүрер еді жарықтық
 Күллі ауылдың елтеңі мен селтеңін.
 Ей, болашақ!
 Қарт келеді зиялы,
 Кейімесін ата-қыран ұялы.
 Сен сыйласаң, сәби шақтың бір сәтін,
 Атаң саған ұзақ өмірін қияды.
 Ақылына айырбаста күлкіңді,
 Қайтесің сол күлкі дейтін шіркінді?!
 Бейқам күліп өспеген соң өз басым,
 Бос күлкіні ұнатпаймын бір түрлі...
 Тоқта, ботам! Атаң келеді артыңда.
 Дария шалқар даналығын ал, тыңда!
 Сенің сәби сәттеріңнің мысқалып
 Айырбастап таба алмай жүр алтынға.
 Тоқта, ботам! Атаң келеді артыңда!

Бердібек Соқпақбаев «Менің атым Қожа» үзінді

1.«... Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт па деймін. Мәселен, Мұрат, Болат, Ербол, Бақыт деген аттарды алып қараңдаршы. Айтуға да ықшам, естір құлаққа да жағымды. Әрі мағына жағынан да, қазақ тілінен сабақ беретін Майқанова тәтейше айтқанда, бұлар жоғары идеялы есімдер. Мұндайлар өз атын кәдімгідей мақтаныш көріп, біреумен таныса қалса, мәнерлеп, көтеріңкі дауыспен айтады. Ал енді айтуға да, естуге де қолайсыз есімдер бар. Өзге түгіл, өзіңе де ұнамайды-ақ. Әттең, қолдан келсе, табанда өзгертіп, әдемі аттардың бірін иемденіп алар едің. Жарайды, өткенге өкініш жоқ дегендей, істің турасына көшелік. Менің атым Қожа. Көріп отырсыңдар, пәлендей әйдік ат емес.

Шынын айтсам, бұл о баста Қожа емес, Қожаберген екен. Туу куәлігінің өзінде солай деп жазылған. Бірақ дүниеде не қилы ғажайып құбылыстар бола беретіні тәрізді, бертін келе Қожабергеннің «құйрығы» үзіліп түсіп қалыпты. Бұл құбылыстың дәл қай жылы, қай айда, қай күні болғанын тап басып ешкім де айтып бере алмайды.

Сонымен, мен өзім ес білгелі Қожамын. Ауыл-аймақтың бәрі солай атайды.

Біз бір класта екі Қожа бармыз. Сүттібайдың үлкен баласының аты да Қожа. Оқушылар екеуімізді шатастырып алмас үшін, өңімізге қарап, мені Қара Қожа, оны Сары Қожа деп атайды.

Әуел баста мен бұған да шамданып қалатын едім. Бірақ жүре-бара құлағым үйреніп, дағдыланып кеттім. «Қара Қожа» дегендерге «әу» деп, жалт қарайтын болдым.

Фамилиям Қадыров. Қадыр — менің әкем…»

2.«…Жанар! Атың қандай әдемі. Сендердің бұл қызбен танысып қоюларың керек. Осы повестің бас кейіпкерінің бірі болуға Жанар татитын қыз. Екеуіміз бірге оқимыз. Жанар, біріншіден, кластағы ең бір ақылды қыз. Екіншіден, сұлу. Әсіресе қызыл береткасын киіп жүргенде, сондай құлпырып, жайнап кетеді. Дауысы қандай шіркіннің, ән салғанда тыңдасаң! Басына үкілі тақия киіп, мың бұралып «Қамажайға» билегенін көрсең. Барып тұрған өнерлі қыз. Кластағы бірінші үздік оқушы.

Ал енді айтып көр, оны повестің басты кейіпкерінің бірі бола алмайды деп!

Жанарды ойыма алсам, менің ішім гүл жайнап кеткендей болады.

Шіркін-ай, былай болса: адам әуелі үлкен болып жаралса. Өмірдегі өзіне тиісті қызмет мамандығын атқарып болғаннан кейін барып балаға айналса. Сонда маған Майқанова қалай қарар еді? «Үлкен кезінде ол әйгілі жазушы болған, оның есімі бүкіл дүние жүзіне мәлім. Олай болса, менің оған әкіреңдей бергенім жарамас, жазушыны сыйлау керек» деп, тәубасына келер еді.

Жанар үйі көшенің басына таман, өзенге таяу. Әкесі Балабек бригадир болып істейді. Мамасы Қырымға курортқа кеткен. 

Жанардың үйде жалғыз екенін білгенде, қуанышым қойныма сыймады. Не де болса, тілдесіп қалуға бел байладым.

- Кеш жарық, Жанар.

Жанардың таңданған жүзі дереу күлімсіреді. Қасыма жүгіріп келіп, ағаш шарбақтың үшкіл басынан ұстап, бетпе-бет тұра қалды.

- Кеш жарық, Қожа. Неғып жүрсің? — деп сұрады ол.

- Мен түнделетіп жайлауға кетем.

- Мамаңа барасың ба?

- Иә, сен неге лагерьге бармадың?

- Мамам келгенше үйде болып, әжеме көмектесем. Майқанова апай лагерьге келесі кезекке жолдама берем деді.

Жанар осыны айтты да:

- Қожа, менің әжем үйде жоқ. Жүр, дойбы ойнайық, — деді.»

3.«Бүгін сентябрьдің бірі. Парадтағы солдаттай жаңа формамды қатып киініп, мектепке келе жатырмын. Қолымда су жаңа сары портфель, мойнымда желбіреген қызыл галстук...

Мектепке кірдім. Бірінші кластан бастап оқып келе жатқан осы мектеп маған туған анамдай ыстық та бауырмал. Жаңадан сырланған мұнтаздай еден, терезе жадырап күліп тұрған тәрізді. Мынау біздің класс, әлі ешкім келе қоймаған түрі бар. Орынды қай жерден алсам екен деп, біраз ойланып тұрдым. Мұғалімнің қарсы алдына отырсам, қалай болады? Жоқ, одан да ең арты тиімді. Сабақ зеріктіріп жібергенде, партаны ашып қойып, кітап оқып отыруыңа немесе өлең жазуыңа болады. Бірақ әдетте, артқы парталарға сабақты нашар үлгеретін балалар әуес келеді. Өзіне сенімі күштілер қасқайып алда отырады. Немене, мен солардан кеммін бе? Ең алға, мұғаліммен бетпе-бет отырайын деген шешімге келдім...

Кешегі күні бойғы әрекеттен кейін, тұяқ серіппей қатып ұйықтап қалыппын. Әжем жұлқылап оятты.

- Қожа. Қожатай. Әкем-ау, сен бүгін сабағыңа бармаушы ма едің?

Көзімді ашып алып, қабырға сағатқа қарасам, сегізге он бес-ақ минут қалған екен. Атып түрегеліп, тез киіндім де, беті-қолымды шайып жіберіп, бір кесе айранды тікемнен тік тұрған күйде қотара салдым. Кеше титықтап келіп, сабақ қарауға мұршам болмап еді. Бүгінгі болатын пәндерді сумкама асығыс салып алдым да, мектепке жүгірдім.

Қоңырау соғылып кетіпті. Бірінші сабақ орыс тілі болатын. Анфиса Михайловна класқа жаңа кіріп барады екен, тасырлатып жүгіріп келе жатқан мені көріп, тоқтай қалды.»

Ертегілер: «Қасқыр мен тиін»

Ақтиін бұтақтан бұтаққа қарғып жүріп, ұйықтап жатқан қасқырдың үстіне құлайды.Қасқыр қарғып тұрып, оны жегісі келеді. Ақ тиін жалынып:

         — Мені жеме, жібер? – дейді.

         — Жарайды, жіберейін, бірақ сен маған айт: неліктен сендер әр уақытта шат болып жүресіңдер?

         Сонда ақ тиін:

         — Мені жіберіңіз, сонан соң айтайын, әйтпесе жүрегім дірілдеп, сөйлей алатын емеспін, – дейді. Қасқыр ақ тиінді босатады.

         Ақ тиін ағаш басына шығып алып:

         — Сен қасқыр, залымсың, залымдық ішіңді жандырады. Сондықтан әрқашан қапалы жүресің. Біз ешкімге жауыздық істемейміз, сол үшін де әр уақытта шат болып жүреміз, – дейді де, cылқ-сылқ күліп, ағашқа өрмелеп шығып кетіпті.


«Түлкі мен қырғауыл»

Бір түлкі қалың ағашты аралап келе жатып, ағаштың басында отырған қырғауылды көреді де жақындап келіп:

         — Сәлеметсіз бе, қырғауылым, халің қалай? – дейді.

         Қырғауыл:

         — Жақсы, өзің қалай тұрасың? – дейді.

         Түлкі:

         — Жерге түсіп, сөйлессеңіз қайтеді, бір құлағым естімеуші еді? – дейді.

         Қырғауыл:

         — Жерге түсуге қорқамын, жерде әр түрлі аңдар бар, бізді жеп қоюы мүмкін, – дейді.

         Түлкі:

         — Әй, достым, қазір заман бұрынғы заман емес, жаңа ғана келдім, бұйрық шығыпты, біреуге біреу зорлық қылмасқа, қой мен қасқыр бірге жүрсін, түлкі мен тауық бірге жүрсін деген, – дейді.

         Қырғауыл:

         — Жақсы хабарыңыз бар екен, рақмет, достым! Мына жақтан бір иттер келе жатыр, оларға да хабарыңызды айтыңыз, есітсін, – дейді. Ит деген сөзді естіген соң, түлкі алды-артына қарамастан қаша жөнеледі.

         Қырғауыл:

         — Қайда барасың, түлкім, бұйрықты ұмытып кеттің бе? – дейді.

         Түлкі:

         — Кім біледі, бұйрықты ол естімеген шығар, – дейді міңгірлеп.

«Қазақстан барысы» (мультфильм көру)

https://www.youtube.com/watch?v=mVun8hOGIkE


Әбділда Тәжібаев «Сырдария»

Білем сені, сүйем сені

Сырдың суы қарт анам,

Сенсің мені әлдилеген,

Туған сенен мен балаң.

Сүйсе Гейне анам десе,

Сүйген суы Рейнесін,

Сырдың суы туған ол да

Өз ақынын Гейнесін.

Жазса Тарас Днепрді,

Жазса Пушкин Еділді,

Неге маған жырламасқа

Сырда туған елімді.

Ел анасы менің анам

Сырдың сұлу өзені.

Қуан, ана! Ақыныңның,

Келді жырлар кезегі.

Келдім бүгін көрдім сені,

Сүйсең міні маңдайым:

Құшағыңда отырмын мен

Көріп көзбен ел жайын.

Жасырыпсың қадірлі ана

Ақ түспепті шашыңа.

Емшегіңнен сүт кетпепті,

Жетсең-дағы жасыңа.

Қарт Днепр, ескі достың

Көремісің айбатын.

Электрі мың моторлы,

Асқан алып қайратын.

Сен де маған, жаным ана,

Днепрдей жарық бер.

Қол жетпеген көк жұлдызын,

Құшағыма алып бер.

Сол кезде де, жаным ана,

Өзіңменен тең болам.

Сырда туған Сырдың ұлы,

Жаңа Гейне мен болам.
 

 
 

Қалқаман Сарин «Тәуелсіздік»

Еркіндігім.
 Қасиеттім.
 Қастерлім.
 Өзің барда өзегімде жоқ шер мұң!
 Кеше сенің келбетіңді арман ғып,
 Боданына бұғауландық басқа елдің.
 Бабалардың басын тігіп бәйгеге,
 Аналардың жанарына жас бердің!
 
 Уа, Еркіндік,
 қош келдің!Өзегімді өртке ораған қоғамда,
 Өз үйіме өзім өгей болам ба?!
 Алшаң басып жүре алмаса алты алаш
 Азаттығым! Қадірің де жоқ онда!
 …Саған жету қиын болса қаншалық,
 Сақтап тұру қиынырақ одан да!
 Алла берген азаттықтың әр сәті-
 Аманат қой
 Маған,
 Саған
 Оған да!
 
 Саясатқа сермей алмай семсерді,
 Езгі күнге тері қылдым еңсемді!
 Желтоқсанда жалын атып жастығым,
 Құрсау болған темір қоғам теңселді!
 Есте даңқы қыршындардың қалды ма,
 Сексен алты ерлігім бе-ей, ең соңғы!?
 Уа, еркіндік,
 Құның немен өлшеңді!?
 
 Уа, еркіндік!
 Құның немен өлшенді?!
 Сені көксеп
 Боздақтарым өлсе өлді!
 Сенсің менің ең ғажайып өлеңім,
 Ең шуақты,
 Ең шырайлы,
 Ең шерлі!
 
Әр таңыңды сүйіншілеп тұрайын-
 Құдай берген ғұмырымда өлшеулі!


Ыбырай Алтынсарин «Өнер-білм бар жұрттар»

Өнер - білім бар жұрттар
 Тастан сарай салғызды;
 Айшылық алыс жерлерден,
 Көзіңді ашып - жұмғанша,
 Жылдам хабар алғызды.
 Аты жоқ құр арбаны
 Мың шақырым жерлерге,
 Күн жарымда барғызды.
 Адамды құстай ұшырды;
 Мал істейтін жұмысты
 От пен суға түсірді;
 Отынсыз тамақ пісірді,
 Сусыздан сусын ішірді.
 Теңізде жүзді балықтай,
 Дүниені кезді жалықпай,
 Білгендерге осылар
 Бәрі - дағы анықтай,
 Білмегенде танықтай;
 Біз де бекер жатпалық,
 Осыларға таныспай;
 Ат өнері білінбес
 Бәйгеге түсіп жарыспай;
 Желкілдеп шыққан көк шөптей
 Жаңа өспірім достарым,
 Қатарың кетті-ау алысқа-ай,
 Ұмтылыңыз, қалыспай.
 Біз надан боп өсірдік
 Иектегі сақалды.
 Өнер – жігіт көркі деп
 Ескермедік мақалды...
 Біз болмасақ сіз барсыз,
 Үміт еткен достарым,
 Сіздерге бердім батамды.

М. Мағауин «Бір атаның балалары» үзінді.

«– Ал, ағайын, тегіс жиналсаң, сөзіме құлақ сал, – деді басқарма. – Өздерің білесіңдер, мен жұмысшы әкелем деп кеттім. Ақыры былай болды. Үкімет біздің Бұлғыртау ауданының тоғыз қалқозына елу төрт бала жіберген екен. Жер аяғы шалғай, мен барғанша ересектерін бөлісіп әкетіпті. Менің әкелгенім алты-ақ бала. Бәріңе жетпейді. Әзір қолда барын құдай жолымен бөлем...

– Ал, Дәуренбек, – деді басқарма, екі қолын кеудесіне айқастырып, алдыңғы қатарда сіресіп тұрған қара ғалифе шалбар, әскери гимнастеркалы жігітке қарап. – Дүкіметіңді оқы, балалардың мән–жайын айт.

Стройдыңбасында тұрған екеу – қазақ балалары, үлкені сегізде, кішісі алтыда, мынаусы – Нартай, анаусы – Ертай, екеуі ағайынды. Бұлардан соңғы – татар баласы, аты Рәшит, жетіде. Көзі сығырайған жалпақ бет, тақырбас қара – әйел бала, қалмақ, я дүңген, жасы алтыда. Қасындағысының аты – Яков, тоғызда, қолағаштай мұрнына қарағанда жойыт тәрізді, бірақ документте орыс деп жазылған; қайдан кеп, қайдан тұрғаны белгісіз, әрі мылқау. Ең соңындағы – жаңа алдымен шыққан қасқа, жетіде. Сіздерден жасыратын не бар, тегі жаман – неміс. Бұл баланың орны детдом емес еді, әке-шешеден бірдей айрылып, панасыз қалған соң алынған екен. Өкіметтің кеңшілігі көп. Енді осы араға келіп тұрған жайы бар.

... Ахмет балаларды жағалай бастарынан сипап өтті де, ең шетте тұрған неміс баласының қолынан ұстады.

– Мен осы мықтының өзін қаладым. Баланың аты кім? – деді Ахаң Дәуренбекке қарап.

– Зигфрид Вольфганг Вагнер. Қарық болдыңыз, – деді Дәуренбек мырс етіп.

– Е, жөн-ақ, – деді Ахмет ақсақал. – Келісті, жақсы ат екен. Айналайын, жүр, үйге кеттік. Апаң күтіп отыр…

…Жылы қымтаулы төсекте жатқан, ет желініп бітпей-ақ ұйқыға кеткен Зигфрид Вагнер ертеңіне таңертең Зекен Ахметұлы Бегімбетов болып оянды.»

Ғабит Мүсірепов «Қазақ солдаты» үзінді.

1.«Зытып келем, зытып келем. Артыма қарай-қарай зытып. Зытып келе жатқаным — қашып келемін, артыма қарай беретінім — қорқып келемін.

Мен қазір ондамын. «Әліпті таяқ деп білмейсің» деп, ауылдың балалары мазақтай беретін еді, жазғытұрым қолыма сиыршының таяғы түсті.

Енді естияр азамат болдың... Мына таяқты қолыңа ал, осы ауылдың сиырын енді сен бағасың! — деп ағам Айдынғали таяғын маған ұстатты да, өзі аяқ-еңбек іздеп қалаға кетті…

…Қалаға кіріп, қатар-қатар тізілген көп тақтай дүкендердің оңашарақ тұрған біреуінің жанына келдім де, жып-жылы жерге құлай кеттім. Жұмсақ құм өзінен-өзі үгітіліп, жанбасқа жайлы төсек бола кетті.

— О, қасқаңның жатысын-ай!.. — деп, тап өзіме ұқсаған екі бала мені аяқтарымен бүйірге түртіп тұрғандарын бір аңдағандай болып ем, көзімді ашуға дәрменім жетпеді. Аржағын білмеймін, тас болып қатып қалсам керек...

— Түнде өліп жатқан бала сен бе едің, әй? — дегенге артыма қарасам, бір ересек, бір кішірек ақсақ бала өзен жағасына жақындай берген екен. Біреуі ашаң, сұңғақ денелі, үстінде шолақ шалбардан басқа еш нәрсе жоқ. Күнге күйін күрең тартқан дененің бұлшық еттері иіріліп-иіріліп қояды. Енді біреуі менімен тұстас болу керек, ақшылт денелі, арық, бір аяғын ақсай басып келеді.»

2. «— Атың кім? —деді ересек бала.

— Қайырғали... Өзіңнің атың кім?

— Шеген... Мынаның аты Бораш... Мұны Боря дейтін боласың. Менің атым онша бұрмалауға келмейді, Шеген аға дерсің. Мен екеуіңнен де үлкенмін. Әкем байғұс баласын еркелете алмайтынын білген ғой сорлы, Шеген дей салыпты...

Шеген менің атымды «Қайырғали, Қайрош, Қайрушке» деп, орысша-қазақша оңды-солды бұрмалап көрді де:

— Атың ат емес екен... Сендей жеке батырға түк лайығы жоқ... Бүгіннен бастап Костя боласың! -деді»

3. «Шеген менің аяғымдағы толып жатқан жара мен жарықтарын көріп, басын шайқады да:

— Уай, мынауың болмайды, — деді, түсінемісің дегендей көзіме қадала қарап. — Ең алдымен адамға бас керек. Онсыз өмір Оғап молданың көрінен де қараңғы болады. Онсыз өмір құраннан жаман, түсіне алмайсың. Екінші, бізге аяқ керек. Қашсаң — құтылатын бол, қусаң жететін бол. Керек боп қалса, құстай ұшатын бол! Мынадай табан бола ма екен қырық тесік! Аяғыңның жалпы бітімі жаман болмағанмен қазіргі хәлі қанағаттанарлық емес деп танимын... Жата тұр құмның үстінде. Мен қазір келем, — деп, Шеген қалаға қарай жүгіріп кетті.

— Дәрі әкеледі. Екі күнде жазып береді! —деді Бораш, ұзай берген Шегенге риза көзбен қарап. Жүзіндегі күрсініс ізі осы арада ғана түгел бір жойылып кетті.

— Сен қалай ақсадың? — дедім Борашқа, іскен оң, тізесіне қолымды апарып.

— Әй апам қораның төбесінен құлатып жіберді.

«Әй апасы» өгей шешесі екенін түсіндім де, одан арғыны қазбалағаным жоқ. Бораш шорланып бітіп келе жатқан оң тізесін сипалай отырып:

— Соқаның үстіне құлап түстім... Шеген ағам жазды ғой әйтеуір... Енді бір айда жүгіруге жарайсың дейді... Балық майынан жазылды. Тіпті жазылып қалып еді, әнеугүні «дегдом» ұстап ала жаздап, содан қашқанда тағы бүлдіріп алдым, — деді. Бұл жолы өзінің қашып құтылғанына мақтанатындай жымиып та қойды.

— Мен де керемет жүйрікпін! — дедім, мақтанғым келіп кетіп.

— Ойбой... Шегендей емес шығарсың!.. Шеген қайда, ол!.. Ол ағып бара жатқан машинаны қуып жетіп, асылып кете береді! Біреу көріп қалса, қарғып түсіп, кете беруі де түк емес. Ол әшейін желаяқ! — деді Бораш, масаттана сөйлеп.»





Мы работаем для вас уже более 20 лет